Қазақстан Қабулдағы «Интерконтиненталь» қонақ үйінде бейбіт халықтың, сондай-ақ Ауғанстанға бейбіт мақсатпен келген шетел азаматтарының өліміне алып келген террористік әрекетті қатаң айыптайды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) баспасөз қызметі.
Аталған қатыгез және өрескел әрекет Ауғанстан үшін ғана емес, осы елдегі бейбітшілік пен дамуды қалпына келтіруге атсалысып жатқан барлық халықаралық қауымдастық үшін қауіп-қатерлер болып табылады.
Қазақстан Ауғанстандағы терроризм мәселесін түбегейлі шешу үшін жедел шаралар қабылдау қажеттілігін толық жауапкершілікпен мәлімдейді.
Қазақстан Ауғанстандағы барлық саяси күштерді ұлттық татуласу бойынша келіссөздер жүргізуге шақырады.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде және ұлттық негізде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, терроризмді басуға және елді қалпына келтіруге жан-жақты жәрдем көрсетуді жалғастырады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының 2018 жылдың қаңтарында қабылдаған мәлімдемесі халықаралық қауымдастықты осы елдегі саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ауғанстанға қолдау көрсетуге шақырады.
Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз, сондай-ақ жарақат алғандардың тез арада сауығып кетуін тілейміз.
Еске салайық, 20 қаңтар күні кешке террористер Ауғанстан астанасында орналасқан Интерконтиненталь қонақ үйіне шабуыл жасады. Қонақ үйге кіргенде, содырлар қонақтарды атып, гранатаны жарып жібере бастады. 12 сағатқа жуық уақыт ішінде террористер 150-ден астам қонақ үй тұрғындарын кепілге алды. Соңғы деректер бойынша, қаза тапқандардың саны 43-ке жетті.
21 қаңтарда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов содырлардың шабуылы кезінде қазақстандық азаматтың қаза болғанын хабарлады.