Қазақстанда жасөспірімер арасындағы суицид саны үш есе төмендеді, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрлігінің бала құқығын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршұбеков.
«Республика мектептерінде суицидтің алдын алу және оны болдырмау бағдарламасы әзірленіп, енгізілген соңғы 7 жылда оның саны 2017 жылы 35% төмендеді», - деді Н. Оршұбеков жұмадағы «Балалар мен жасөспірімдердің психологиялық денсаулығының нығаюы» І халықаралық конференциясы барысында.
Оның айтуынша, аталмыш бағдарлама пилоттық жоба ретінде алдымен Қызылордада, сосын Қазақстанның бірқатар облыстарында енгізіліп, оң нәтижелер берді.
«Биылдан бастап аталмыш бағдарламаны республиканың барлық мектептерінде тарату туралы шешім қабылданды», - деп атап өтті Н. Оршұбеков.
Өз кезегінде ҚР-дағы бала құқығы жөніндегі өкілетті Зағипа Балиева атап өткендей, жасөспірімдер суицидін болдырмау бойынша мемлекеттің ісі аталмыш бағдарламаны енгізумен ғана шектелмейді.
«Біз «111» сенім телефонын қостық, ол жерде балаларға керек кез келген көмек көрсетіледі, ол тәулік бойы қызмет етеді, құпия және тегін. Былтыр осы желінің арқасында 114 баланы суицидтен құтқардық», - деді З. Балиева.
Каролина институты жанындағы Швецияның суицидті зерттеу және алдын алу ұлттық орталығының суицид пен психологиялық аурулардың алдын алу бойынша аға оқытушысы Владимир Карли Қазақстанды «жалпы әлемдік статистикада жасөспірімдер арасындағы суицид саны ең үлкен мен ең төмен көрсеткіштердің орта деңгейінде тұрған» елге жатқызды.
«Суицид санын нөлге жеткізу – өте қиын. Бірақ алдын алу мен болдыртпауға болады. Қазақстан мұндай жұмысты белсенді жүргізіп жатқан елдің бірі болып табылады», - деді В. Карли.