Кореяға аттанып бара жатқан спортшыларға Сочидегі нәтижеден төмен өнер көрсетпеу міндеті қойылды.
Бұл туралы бүгін Қазақстан құрамасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Алматыдағы АИБА Бокс академиясында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
«Қазіргі уақытта бізде 9 спорт түрінен 49 жолдама бар. Бұл соңғы шешім емес, бір-екі күннен кейін толық тізім белгілі болады. Шаңғы спорт түрінен жолдама қосылады деген үмітіміз бар. Біздің құрама команда соңғы жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Спортшыларымыздың ұшу графигі билеттері де дайын. Құрама команда алдында тапсырма қойылды. Сочиде өткен олимпиададан нәтижеміз кем болмауы керек. Фристайл-могул, шаңғы спорт түрлері, коньки спорт түрлерінен үміт күтетіндей жақсы нәтижелеріміз бар», - деді Елсияр Қанағатов.
Естеріңізге сала кетейік, ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтеді.