
Астана қаласының арнайы ауданаралық сотында ҚР ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот жалғасуда
Сот отырысы барысында Карл Вебер жұмысы үшін айына 200 мың теңге төлеген Қуандық Бишімбаев пен оның ағасын танитынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Астана қаласының арнайы ауданаралық сотында ҚР ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сот отырысы барысында әмбебап жұмысшы Карл Вебер аталған іске қатысты өзіне мәлім ақпараттарды бөлісті. Ер адам Бишімбаевтың үйін күзетіп, қонақтарға арнап ас әзірлеген. Мұнымен қатар, үй тазалығын өз мойнына алған. Әмбебап жұмысшыға барлығы үш айда 600 мың теңге төленген.
Карл бұрын «Номад» жағармай бекетінде жұмыс істеген. Ал Бишімбаевтың үйінде істеген жұмысы үшін жалақыны экс министрдің бауыры Сұлтан Нұрлыбек төлеп отырған. Карл Сұлтан және Қуандық Бишімбаевпен таныс екенін растады.
«Қосшы поселкесінде орналасқан үйде таныстық. Сол жерге жұмысқа тұруға барған болатынмын. Әртүрлі жұмыс жасадым. Жалақымды Сұлтан төлеп отырды. Ай сайын 200 мың теңге көлемінде ақша алдым. Негізінен үйге Сұлтан келетін. Ал Бишімбаевты үш рет қана көргенмін», - дейді Карл Вебер сот отырысы барысында.
23 қараша күні Бишімбаевтың үйі Астанадағы Қосшы поселкесінде орналасқаны туралы айтылған болатын. Жалпы көлемі 500 шаршы метр болатын «аңшылық үйінің» жалпы құны – 300 мың доллар.