
Өзінен 20 келіге жеңіл жігітке пышақпен шабуылдап, ақыры өзі көз жұмған павлодарлықтың ісі бойынша сот тергеуі апелляциялық инстанцияда қайта жанданды
Қайғылы оқиға өткен жылдың 11 тамызында Павлодар қаласындағы "Гоголь" түнгі клубының жанында болған еді. 24 жастағы Сергей СУХОНОСЕНКО қаза тауып, соттың бірінші инстанциясында 21 жастағы Жоламан ҚҰСАЙЫН өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана келтіру бабымен ең төменгі жазадан да аз мерзімге – 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот Сергейдің қатты мас күйінде Жоламанға өзі шабуылдап, өзі пышақ ала жүгіргенін ескерді. "Құсайын Ж.Қ. мен жәбірленуші Сухоносенко С.М. арасындағы жанжалды бастаған марқұмның өзі, яғни жәбірленуші заңсыз әрекеттер жасады, ол өзіне бейтаныс болған сотталушы Құсайын Ж.Қ.-ны себепсіз ұрған ", - делінген бірінші инстанция сотының үкімінде.
Бейнебақылау камераларында болған жайдың бәрі тайға таңба басқандай анық тұр: Сухоносенконы түнгі клубтың күзетшілері сыртқа шығарып жатқаны (ол мас болып, тиісерге қара таппағандай агрессивті күйде болған). Оның бір топ жігітке келіп, пышағын шығарып, сол қолымен Жоламанның бетінен ұрып, оң қолымен пышақпен соққы жасауға тырысқаны да жазылған. Сосын ол Жоламанды бастан ұрмақ болып артынан қалмайды, Жоламан қайта-қайта шегінеді. Екеуі жерге бірге құлағанда Жоламан Сергейдің қолын тырп еткізбей ұстап, оның ұруына жол бермей өзі ұрады. Құсайын қайта шегінгенде Сергей әлі қоймай тағы қуаламақ болды. Бірақ кенеттен ешқандай соққысыз өзінен өзі құлап түсіп, сол жерде жан тапсырады.
Қалалық соттың судьясы бұл іс ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлімі бойынша дұрыс сараланған деп тапты. Судьяның пікірінше, Құсайын жерде жатқан Сухоносенконы ұрмауы керек еді, өйткені дәл сол сәтте әлгінің пышағы қолында емес, қалтасында болған. Сондықтан сотталушыға жәбірленушінің қолын тырп еткзібей ұстағаны жеткілікті еді.
Сотталған Құсайын марқұмды әдейі ұрғысы келмегенін, әрі сол жерде адам көп болғандықтан, біреу-міреу араша түседі деп күткенін айтады. Себебі марқұм мұнымен салыстырғанда тым дәу болған (ол 75 келі болса, мұның салмағы 55 келі). Бірақ бұл төбелеске ешкім араласпады.
Прокурор сотталушы кінәсін мойындамағандықтан, оған 4,5 жыл емес, 8 жыл жаза берілуі керек деп санайды. Ал жәбірленушінің адвокаты өз тарапының әлеуметтік желілерде қорқытып-үркіту мен балағаттауға ұшырап жатқанын айтты. Кейбіреулер марқұмның анасы сотталушының отбасынан 6 миллион теңге алмауы керек еді деп жазуда. Бірақ бұл сот үкіміне әсер ететін фактор емес.
Сотталушының адвокаты Ерлан ҒАЗЫМЖАНОВ мұны өзін-өзі қорғау деп санайды және бұл жерде қорғанудан артық кету болмағанын алға тартады. Өкінішке қарай, Қазақстан соттарында Қылмыстық кодекстің 112-бабы (қажетті қорғаныс) қиындау келеді – елімізде өзін-өзі қорғаудың шекарасы қай жерде басталып, қай жерде аяқталатынын нақты ешкім білмейді.
Қазақстанда талай әйел өзін ірі денелі еркек қылқындырып жатқанда оған пышақ сұғып жіберіп, артынан ҚР ҚК-нің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша сотталған. Себебі сот оларды "маңызды органға" – жүрек тұсына соққы жасады деп санайды, пышақты қолына немесе аяғына сұғуы керек еді деп түсіндіреді. Бірақ қолынан ғана жараланған агрессор тоқтамай, әйелін өлтіруі мүмкін екенін ескермейді.
Сергейдікі де солай боп тұр дейді – ол біреуді өлтіруге ниетті болмаған дейді. Бірақ Құсайын Сергей шабуылдаған кезде өлтіруден тайынбайтындай боп көрінгенін айтады.
Осылайша "өзін-өзі қорғау деген не?" деген сұрақ сұрақ күйі қалуда.
- Қылмыстық заңнама айыпталушы қорғанушы ретінде әрекет еткен жағдайда, ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі бойынша соттауға жол бермейді, оның қажетті қорғаныс шегінен шыққаны-шықпағанына қарамастан, - дейді Ерлан Ғазымжанов. - Қорғанушы үшін Қылмыстық кодексте басқа бап қарастырылған – бұл 112-баптың 2-бөлігі. 106-бап пен 112-баптың екеуінде де абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр жарақат келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Айырмашылығы – 112-бапта "қажетті қорғаныс шегінен асып кету жағдайында жасалған" деген сөздер қосылған. Осылайша, 106-бап шабуылдап, қасақана ауыр зиян келтіргендерге арналған, ал 112-бап қорғану барысында қасақана ауыр зиян келтіргендерге арналған. Бірақ қорғанушы тек шектен тыс қорғаныс жасаған жағдайда ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
ҚР ҚК-нің 112-бабының 2-бөлігі бойынша адамды соттау үшін бірден екі белгі болуы керек: ауыр жарақатты қасақана келтіру және қажетті қорғаныс шегінен асып кету. Егер осы екеуінің бірі болмаса, 112-бап бойынша соттауға негіз жоқ, тіпті Жоламанның әрекеті Сергейдің өліміне әкелген күннің өзінде. ҚР ҚК-нің 112-бабына РОГОВТЫҢ редакциясымен берілген түсіндірмеде нақты көрсетілген: "Қажетті қорғаныс шегінен асып кеткен кезде абайсызда ауыр жарақат келтіру қандай да бір қылмыстық жауапкершілікті жоққа шығарады". Яғни, Рогов былай дейді: "Егер ауыр жарақат қасақана келтірілмесе, онда 112-бап қолданылмайды, тіпті сотталушы қажетті қорғаныс шегінен асып кетсе де".
Қорғаушы тараптың пікірінше, Жоламан шектен тыс қорғаныс жасаған жоқ. Құсайынның түсінігінде, ол Сергейдің қолын ұзақ ұстап тұра алмайтынын, ол бәрібір босап, пышағына қолына алатынын білді. Ол пышақ сып етіп жылдам ашылатын пышақ еді. Сондықтан Сергей қолын босатуға тырысқан кезде Жоламан оны ұруға мәжбүр болды. Сухоносенко талпынысын тоқтатқан кезде Құсайын Ж.Қ. да оны ұруды доғарды. Ал сосын босаған Сергей қалтасынан пышағын шығарып, Жоламанға қайта шабуылдағанда пышақпен соққы жасай алмады – пышақты абайсызда қолынан түсіріп алған, сосын бейтаныс біреу ол пышақты алысқа лақтырып жіберді.
ҚР Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы №2 "Қажетті қорғаныс туралы заңнаманы қолдану туралы" Нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес: "Қажетті қорғаныс тек шабуылдаушының қасақана немесе абайсыз әрекеті денсаулыққа зиян келтірген кезде ғана емес, сонымен қатар зиян әлі келтірілмесе де, оны келтіру қаупі нақты пайда болған кезде де (мысалы, шабуыл жасауға дайындық әрекеттері жасалған жағдайда және т.б.), сондай-ақ шабуылдаушы заңсыз әрекеттерді тоқтатпаған кезде (мысалы, ұруды жалғастырып жатқанда, ұрланған затты алып үлгермеген кезде), сондай-ақ қорғаныс әрекеті шабуыл аяқталғаннан кейін бірден жасалған кезде де рұқсат етіледі, егер қорғанушы үшін шабуылдың нақты қашан аяқталғаны белгісіз болса".
Енді "Гогольде" нақты не болғанын облыстық сот анықтауы тиіс. Бірақ таң қалдырғаны – төбелеске шоуға қарағандай құр қарап тұрғандардың әрекетсіздігі. Ешкім араласпады, қайғылы жағдайдың алдын алудың орнына бәрі мәз болып күліп тұр. Нәтижесінде бір әулет ұлынан айырылды, екінші әулеттің ұлы түрмеге түсті. Жоламан деген анасынан ерте айырылған, бірақ колледж бітіріп, университетке түскен, достары көп жігіт еді.
Фото мен видео: © Ratel.kz / Ольга Воронько.
Аударған А.Олжаев.
ТАҚЫРЫПҚА ОЙ ҚОСЫП, ПІКІРІҢІЗБЕН БӨЛІСУ ҮШІН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!