
Тапсыру мерзімі ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде аяқталады
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталды. Екінші кезең шеңберінде жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны 250.00 нысаны бойынша Мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері, сондай–ақ олардың жұбайлары ұсынады, деп хабарлайды Алматы МКД баспасөз қызметі.
Жалпы Алматы қаласы бойынша 152 484 жеке тұлға жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі шеңберінде декларация тапсыруға міндетті.
"Декларацияны тапсыру мерзімі ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде аяқталуына қарамастан, бүгінгі таңда 30 195 адам өз міндеттемелерін орындамады. Декларация ұсынбаған жеке тұлғалардың жалпы санының 61% - ы немесе 18 440-ы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қызметкерлеріне, қалғаны квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне тиесілі", - деп баспасөз хабарламасында айтылған.
Декларацияны мерзімінде ұсынбағаны үшін ҚР ӘҚБтК әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өткен жөн.
Декларацияны электронды түрде "салық төлеушінің кабинеті", "электрондық үкімет" порталы арқылы, сондай-ақ esalyq azamat мобильді қосымшасының көмегімен де тапсыруға болады.
Фото: mail.kz.