Қостанай қалалық ІІБ-нің бұрынғы қызметкері пара алғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Іс материалдарында көрсетілгендей, 2017 жылдың қараша айында қала тұрғындары Медет Сейілхан мен Сәбит Анапин өздерінің досын соққыға жыққан. Кейіннен жәбірленуші ауруханада көз жұмды. Істі тергеу барысында Қостанай қалалық ІІБ-нің тергеушісі Дәурен Нүрпейіс Медет Сейілханды қылмыстық жазадан босатуға уәде береді. Өз кезегінде күдікті тергеушіге 40 мың теңге беруі тиіс болған. Нүрпейіс күдіктіден ақшаны алу үшін әкесін жұмсаған. Осылайша, тәртіп сақшылары тергеушінің әкесін 20 қаңтар күні 40 мың теңге ақша алып жатқан жерінен ұстады.
Дәурен Нұрпейіс сот отырысында өз кінәсін мойындады. Ақшаны 7 айлық сәбиін емдету үшін алғанын айтып, ақталды.
Қостанай қаласы № 2 сотының үкімімен бұрынғы ІІБ-нің қызметкері айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Ол лейтенант шенінен айырылып, өмір бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан шеттетілді.
