Ауа райының қолайсыздығына байланысты Тараз қаласында 1-4 сынып оқушыларына сабақ болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жамбыл облысы Білім басқармасының мәліметінше, бұған дейін Мойынқұм мен Сарысу аудандарында ғана бастауыш сынып оқушылары үшін сабақ болмайтыны хабарланған.
«Қазгидромет» РМК-ның филиалында атап өткендей, Жамбыл облысында 26-27 және 29-30 қаңтар күндері аяз қаһарына мінеді. Жамбыл облысы үшін минус 30 градус аяздар «қатты» санатына жатады және «қауіпті жағдай» болып белгіленеді.
Ал минус 35 градус аяздың санаты - «өте қатты» және «табиғи гидрометеорологиялық жағдай» ретінде белгіленеді. Жел қатты соғатын Шоқпақ, Хантау, Қордай асуларында қауіп әсіресе жоғары болмақ.
Синоптиктердің алдын ала болжамы бойынша, өңірде ақпан айында да аяздар соғып, қар жауады. Температура айдың алғашқы күндері түнде минус 15-20-ға дейін төмендейді.
