Алматыда азық-түлігі бар сауда контейнерлері өртенді, деп хабарлады қалалық ТЖД-ның ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.
«20 желтоқсанда сағат 04.31 Алматы қаласының ТЖД «101» номеріне Алмалы ауданы Райымбек батыр даңғылы 212 «В» мекен-жайы бойынша контейнерлер жанып жатыр деген хабар келді. Өртсөндірушілер келген кезде жағдай мынадай болды: «Барыс 4» көпфункционалды базарының контейнерлер қатары жалындап жанып жатты және өрт екінші қабатқа өршіп бара жатқан», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарламада.
Анықталғандай, азық түлігі бар жеті контейнер отқа оранған. Өртті сөндіру барысында көлемі 50 л болатын бес газ баллон және көлемі 25 л болатын 1 газ баллон қауіпсіз аймаққа шығарылған. Өрт сөнірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында өрттің құлшылық ететін бөлмеге (намазхана) және қоймаға бет алуы алдын алынды.
Өрт сағат 05.40 ауыздықталып, сағат 06.12 толығымен сөндірілді. Өрт 900 шаршы метр алаңды алды. Өртті сөндіруге жеке құрамның 96 адамы мен 27 дана техникасы жұмылдырылды. Аталып өткендей, өрттен көз жұмғандар мен зардап шеккендер болмады.
