Алматыда Үшқоңыр базарында орналасқан ТҚО ғимараты отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жетісу ауданы Жұмабаев көшесі 122 мекенжайы бойынша ТҚО ғимараты өртеніп жатқаны туралы хабарлама 11:13-та түскен. Өрт жапсарлас орналасқан 2 дүңгіршек пен 1 контейнерді шарпыған. Жалынның ыстығынан жақын арада тұрған "Тойота Виндом" көлігі зақымданған. Өрт 150 шаршы метр аумақты шарпыды. Оны ауыздықтауға 39 адам мен 7 техника жұмылдырылды. Тілсіз жау жарты сағаттың ішінде сөндірілді. Ешкім зардап шеккен жоқ.
