Полицейлер Алматыдағы Төле би-Байтұрсынов қиылысындағы ғимаратты не себепті қоршауға алғандарын түсіндірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Алматылықтар үрейге бой алдыруда. Қала орталығындағы кеңсе ғимараты қоршауға алынып, ол жерде криминалистер мен жедел қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Ол жерде ұялы байланыс операторының бас кеңсесі мен екі қазақстандық банктің бөлімшесі орналасқан.
«Алматы полициясына белгісіз біреу қоңырау шалып, Төле би даңғылы және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан кеңселердің біріне мина қойылғанын мәлімдеген. Қазір бұл ақпарат тексеріліп жатыр. Полиция жедел қызметі мен арнайы қызмет хабарласқан адамды анықтап жатыр. Осыған байланысты қала тұрғындарын тыныштық сақтауға шақырамыз. Үрейге бой алдырмай, қызметтердің жүргізіп жатқан қауіпсіздік шараларына түсіністік танытуларын сұраймыз», - деп атап өтті Алматы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Сондай-ақ, Алматы қалалық ІІД лаңкестік әрекет туралы жалған хабар берудің қылмыс екендігін кезекті рет ескертті.
