Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев жаңа әліпби апробациядан өткен соң қалай өзгеруі мүмкін екенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Азат Шәуеевтің айтуынша, латын әліпбиіне өту кезең-кезеңмен жүреді. "Білім және ғылым министрі айтып өткендей, еліміздегі білім беру мекемелерінің барлығында апробация жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша біздің ғалымдар мен тіл мамандары орфографиялық және орфоэпиялық ережелерді құрастыратын болады. Апострофтар өзгеруі мүмкін. Бұл әліпби бекітілді болды деген сөз емес. Апробация қорытындысы бойынша біздегі тоғыз әріпті қолдануға ыңғайлы болатындай етіп өзгерте аламыз", - деді Азат Шәуеев. Маман бұл талқылауда қоғамның пікірі ескерілетінін де айтып өтті. Сонымен қатар, ол жаңа әліпбиді қолдануға арналған қосымшаны ойластырып жатқандарын мәлімдеді. "Қазіргі уақытта біз қордын атынан смартфондарға арналған жаңа мобильді қосымшаны ойластырудамыз. Жақында кірісеміз. Мысалы, сіз мәтінді кириллицада терсеңіз, жаңа қосымшада ол латын графикасында шығады. Біз үкіметтік ұйым емеспіз, мемлекетке қатысымыз жоқ. Біз тек мемлекеттік органдарға көмектесеміз", - деді Азат Шәуеев.
Журналист
– Бір ел - екі тіл едік. Енді "Бір ел - екі әліпби" болатын сияқты.
