Қарағанды облысында гепатитпен ауырғандар саны 46 адамға жетті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Қарағанды облысында «А» гепатитімен ауырушылар саны өсті. Бүгінгі таңда науқастар саны 46 адамға жетті. Олардың 70%-ы мектеп оқушылары», - деді Қарағанды облысы қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау департаментінің басшысы Қайрат Баймұхамбетов дүйсенбіде.
Оның айтуынша, оқушылардың демалыс кездерінде көрші облыстарға баруы да гепатит ауруының өсіп кетуінің себебі болуы мүмкін. Бұл жағдайды ведомство өз бақылауында ұстап отыр.
Бұл ретте, тек №58 орта мектептің өзінде ауырған адамдар саны 14 адамға жеткен.
«Біздің мектепте «А» гепатитін жұқтырған 14 адам анықталды. Қазіргі таңда мектебімізде дәрігерлер, санэпидемиологтар жұмыс жасап жатыр. Балаларға екпе жасалуда. Бұл аурудың пайда болуы себебі әлі белгісіз», - деді №58 мектеп директоры Татьяна Балгабекова.
