Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев елорданың жол-патрульдік қызметінде 216 бос орынның бар екендігін мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Қазіргі таңда Астанадағы жол-патрульдік қызметте 216 бос орын бар. Осы ақпаратты жариялағымыз келеді. Егер ниет білдіруші барлық біліктілік талаптарына сай келетін болса, яғни жұмысқа тұрушының жасы 35 жасқа дейін болса жұмысқа алынады. Астана қаласының ғана емес, өзге де өңірлерде тұратын жастарды алуға әзірміз», - дейді Бақытжан Малыбаев.
Оның айтуынша, ЖПҚ-ға жұмысқа тұру үшін ниет білдіруші Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі міндетті емтиханнан өтуі тиіс. «Емтиханнан өткеннен кейін ниет білдіруші әскери-дәрігерлік комиссиядан өтуі керек. Егер барлық талаптарға сай болса, біз оны белгілі қызметтердің тексерісінен кейін жұмысқа аламыз», - дейді ол.
