Астанада бүгін түнгі 03:00 шамасында 8 автомашинаға зақым келтірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі.
«Алматы» ауданының криминалдық полиция қызметкерлері Мәлік Ғабдуллин көшесі бойындағы үйдің ауласында көліктерді зақымдады деген күдікпен ер адамды аумақтық ІІБ-ге жеткізді.
Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді және ҚР ҚК 293-бабы бойынша (бұзақылық) тексеру жүргізілуде. Күдікті ұсталған кезде мас болған.
Тергеу барысында Оңтүстік Қазақстан облысының 27 жастағы тұрғыны достарының үйінде қонақта болып, ішімдік ішкенін, содан кейін аулаға шығып, тұрақтағы автомашиналардың кейбірінің шынысын сындырып, енді бірінің есігін майыстырғанын айтты.
Қазіргі кезде азаматтардан арыздар келіп түсуде.
