Ел астанасының 20 жылдығына орай бүгін 1998 жылы елордаға арнап шығарылған алғашқы пошталық маркаға қайта мөр басу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Айтулы күн құрметіне Қазпошта «Астана - Қазақстан Республикасының елордасы» маркасының арнайы мерейтойлық штемпелі мен естелік конвертін әзірлеген.«Осыдан 20 жыл бұрын - 1997 жылдың 10 желтоқсанында ел астанасын көшіру туралы шешім қабылданды және содан бері көп нәрсе өзгерді. Аз ғана уақытта Сарыарқаның төсінде ертегідегідей әсем қала бой көтеріп, әлемнің үздік астаналарының қатарына еніп үлгерді. Әрине, Қазпошта да ел өміріндегі аса маңызды мерейтойлық шарадан тыс қалмайды», - деді «Қазпошта» АҚ пошталық қызметтер бойынша атқарушы директоры Сәуле Егембердиева Астана әкімдігінде өткен шарада.Қазпошта өкілі 2018 жылы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы құрметіне арнайы марка шығарылатынын хабарлады. «2018 жылы қала күні қарсаңында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған марка шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір дизайн және тираж мәселелері талқылануда», - деп атап өтті ол. Сәуле Егембердиеваның айтуынша, арнайы штемпельмен мөр басылған естелік конверттер филателистер үшін өте маңызды.
