Алматы облысындағы Ақсу қант зауыты 10 жылдан кейін қайта іске қосылды, деп хабарлады ҚазТАГ.
Аймақтағы ірі өндіріс ошағын іске қосуға облыс әкімдігі мен «Энергомост» конcорциумы және «Ақсу қант»ЖШС арасындағы келісім септігін тигізді.
«Ақсу қант» ЖШС бас директоры Мұрат Төлегеновтің айтуынша, зауытты қайта қалпына келтіру жұмыстарына 15 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде 3 млрд теңге – «Жетісу» ӘКК» ҰҚ» АҚ арқылы құрал жабдықтарды ауыстыру үшін бөлінді.
«Зауыт жылына 32 мың тонна дайын қантты өндіре алады. Ал, өңдеуге келетін болсақ, зауыт жылына 310-350 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдей алады», - деп атап өтті М. Төлегенов.
Аталып өткендей, зауытты қайта қалпына келтіру үшін чех, ресейлік, украиналық құрал жабдықтар пайдаланылды. Ал, шикізатты негізгі жеткізушілер Ақсу, Сарқан мен Алакөл аудандарының қызылшашылары.
Ағымдағы маусымда шамамен жергілікті 600 тұрғынды жұмыспен қамтып, 80-100 мың тонна қант қызылшасын қайта өңдеу көзделген.
«Осының барлығы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетісулық қызылша өсіру шаруашылығының бұрынғы атағын қайта қалпына келтіру тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда», - деді аймақ басшысы Амандық Батталов кәсіпорынды іске қосу барысында.
