Ауыл шаруашылығы министрі Асқар МЫРЗАХМЕТОВТІҢ сөзінше, бұдан былай Қытайға тек асыл текті түлік қана емес, қарапайым жылқылар да жөнелтіледі деп хабарлайды journalist.kz. Жуырда осындай келісім жасалыпты.
Министрдің сөзінше, елімізде ет бағасының қымбаттауына экспорттың ешқандай әсері жоқ. «Бағаның көтерілуіне арадағы делдалдар себеп болып отыр»,– дейді министр. Экспорт туралы сыбысты естігендер, соның есебінен пайдаға кенелгісі келеді екен.
Шын мәнінде, әлі Қытайға экспортқа ет жіберілген жоқ. Тек келісімдер ғана жасалған. Сондықтан бағаның көтерілуі елде еттің тапшылығынан емес деп сендірді Мырзахметов.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, мәселені шешуге ең алдымен әкімдер атсалысуға тиіс. Тұрақтандыру қорларының жұмысы арқылы бағаны ұстап тұруға байланысты шараларды қолға алу керек. «Әсіресе, тауар өндірушілерге өз өнімін ешқандай делдалсыз тікелей сауда орынына шығаратын мүмкіндіктер жасалуы қажет», – дейді ол.
