Қарағандыда тұрақта тұрған көлік ішінен бірнеше күн бойы іздеуде болған ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
63 жастағы ер адамның туыстары оған іздеу салып, полицияның көмегіне жүгінген.
Екі күннен кейін полицейлер оны «Грандстор» сауда үйінің алдындағы тұрақтан өз көлігінің ішінен өлі күйінде тапты.
«Із-түзсіз жоғалған 63 жастағы ер адамның денесін полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында тапты. «Мерседес» маркалы автомобиль сауда үйінің тұрағынан анықталды. Ішінде ешқандай зорлық-зомбылық белгілері жоқ 63 жастағы ер адамның мәйіті болды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Құдияровтың айтуынша, ер адамның өлімінің себебі анықталып жатыр. Сараптама тағайындалды.
Оқиға куәгерлерінің сөзінше, ол біреуді күтіп отырған секілді қолдарын басына қойып, рулдің алдында отырған.
