2017 жылдың 30 желтоқсанынан бастап 2018 жылдың 3 қаңтарына дейін Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз аязды ауа райы болады, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.
«Қар жаудырып, борандатып және көктайғаққа себеп болған циклон Сібірге ауысты. Алдағы күндері сонымен байланысты суық ауа ағымы Қазақстанның қиыр шығысында қар жаудырып, боран әкелуі мүмкін. Республиканың аумағы қайтадан, жаңа жылдық мерекелер кезінде, Қазақстанның басым бөлігінің ауа райын анықтайтын антициклонның ықпалында болады. Жауын-шашынсыз аязды ауа райы болады деп күтілуде», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Хабарда айтылғандай, оңтүстiк және орталық өңiрлерде шығыстан соққан жел 15-20 м/с-қа дейiн, екпіні 25 м/с-қа дейiн жетіп, сырма соғып, көріну қашықтығы 800 м-ден азаяды, әсіресе республиканың оңтүстігінің тау асуларында.
Ауа температурасы бұрынғысынша, климаттық нормадан жоғары болады, тек елдің шығысында қалыпты нормаға жақын болады.
30 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысындағы жолдарда көктайғақ күтілуде.
