Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы голливудтық кинокомпанияларды елімізге фильм түсіруге шақырды, деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қазақстан Голливуд фильмдері үшін түсіру алаңына айналуы мүмкін. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жетекші Голливуд кинокомпанияларының продюсерлерімен ортақ жобалар бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады», - делінген жұмада таратылған хабарламада.
Министр The Walt Disney Company , NBC Universal, CBS, Paramount Pictures Corporation, Warner Bros, HBO сынды әлемдік киноөндірушілердің танымал продюсерлерімен кездесті.
«Бүгінгі таңда кино тек өнер түрі ғана емес, сонымен қатар, экономика саласының анықтауышы. Мәселен, «Аватар» фильмі жарыққа шыққанда, түсірілімдер жүрген Жаңа Зеландияға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келе бастады. Кейбір мемлекеттер киноқызмет көрсетуді табыс көзіне айналдырған. Олар: Венгрия, Болгария, Канада сынды мемлекеттер", - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы, оның сөздері ведомствоның ақпаратында көрсетілген.
Мәдениет министрлігінен хабарлағандай, әлемнің ірі кинокомпанияларымен ынтымақтастық қазақстандық киноөндіріске әлемдік деңгейге шығып, елімізге инвестициялар мен шетелдік туристердің жаңа ағынын қамтамасыз етпек.
Министр Канадада түсіріліп, басты рөлде Леонардо Ди Каприо ойнаған «Тірі қалған» фильмін мысалға келтірді. Министрдің айтуынша, әлемдік деңгейдегі кинокомпаниялардың өкілдерін қазақстандық тараптың ұсыныстары қызықтырып отыр. Осы орайда нақты қадамдарға да қол жеткізілді.
