Орал қаласында тұрғын үйде өрт оқиғасы орын алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, 27 қаңтар күні сағат 18.08-де Әбілқайыр хан көшесі, 101-үйдің бірінші қабатында бейімделген орында жеке заттар мен автомобиль доңғалақтарының тыстары жанған. Өрт аумағы 8 шаршы метрді қамтыған. Бес қабатты үйден 25 адам шығарылса, соның алтауы - балалар. Оларды көшіруге Ұлттық ұланның жеті қызметкері қатысты.
Қазіргі кезде өрттің шығу себептері, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталуда.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағанындай, құрамында Мирас Кәрім, Дәурен Сағындықов, Қайырғали Сатыбалды бар топ көше тыныштығын күзетіп жүріп, аталмыш үйдің бірінші қабатынан шығып жатқан түтінді байқаған. Бұл мезетте оқиға орнында өрт сөндірушілер қызмет етіп жатқан. Жедел хабар бойынша әскери топтар бойынша кезекші, аға лейтенант Роман Кухарев, патрульдік топ басшысы, аға сержант Еламан Аманғұлов және Әлішер Иманғали мен Жәнібек Тілеукерім де жетіп, 25 адамды қауіпсіз жерге шығаруға жәрдемдесті.
Өз міндеттерін мүлтіксіз орындағаны үшін аталған қызметкерлер әскери бөлім командирімен ынталандырылды.
