Бүгін Қостанай облыстық сотының аппеляциялық алқасы психдиспансердің бұрынғы бас дәрігері Рашида Сандыбаеваның өліміне қатысты істің үкімін өзгертті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Еске салсақ, осы іске байланысты жүргізілген мемлекеттік айыптау жұмыстарының қорытындысы бойынша прокурорлар Зәуреш Изалдинаға 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Сондай-ақ, айыптаушы тарап жарыссөз кезінде Руслан Ғафаровқа мүлкін тәркілей отырып 25 жыл, Болат Китебаевқа - 24 жыл, Виктор Кодатенкоға 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды айтқан.
«Сот алқасы 2018 жылғы 17 қаңтардағы үкімге байланысты өзгеріс енгізді. Сотталған Изалдина, Гафаров, Китебаева және Кодатенконың үкіміндегі «Мүлкін тәркілеу» жазасы алынып тасталды», - делінген сот таратқан баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, Изалдина облыстық психиатриялық аурухананың бұрынғы бас дәрігері Рашида Сандыбаеваның өлімін ұйымдастыруға қатысты айыпталған болатын. Сонымен қатар, Изалдина, Гафаров, Кодатенко, Китебаев «Ірі көлемдегі алаяқтық», «Тұрғын үйге заңсыз кіріп, алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде ұрлық жасауды ұйымдастыру», «Алдын ала сөз байласу арқылы тұлғалар тобымен екі және одан да көп адамды өлтіруді ұйымдастыру», «Алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлімін ұйымдастыру» секілді бірнеше баптар бойынша бас бостандығынан айырылды.
