Германияның Шведт-Одере қаласында өткен халықаралық сурет байқауында павлодарлық оқушы Артур Родионов өзінің суретімен лауреат атанды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі. Бұл туралы қалалық білім беру бөлімінің маманы Балжан Әділханова айтты. - 50-ші халықаралық балалар сурет сайысы мерейтойына Павлодар қаласы № 2 Балалар көркемсурет мектеп оқушыларының 25 жұмысы жіберілді, - дейді маман. - Әлемнің 12 елінен 3-15 жастағы жас суретшілердің еркін тақырыпқа арналған 1250 жұмысы ұсынылды. Туындылар төрт жас санаты бойынша бағаланды. Нәтижесінде ішінен 10 үздік сурет таңдалды. Артур Родионов 4-6 жастағы бірінші жас санаты сайысының лауреат дипломын алды. Ол гуашпен «Менің досым» суретін салды. Алты жастағы жеңімпаздың педагогы - мектеп басшысы Наталья Герусова.
Айта кетейік, бұған дейін Артур «Балалар әлемді суреттейді. Қазақстан» республикалық сайысының және 2017 жылы Алматы қаласында күзде өткен 3-6 жастағы жастағы суретшілер байқауының дипломанты атанды. Сол кезде жас дарын гуаш техникасымен орындалған «Менің анам» жұмысын ұсынған.
