Қазақстандағы жанармай тапшылығына байланысты жұмыстан шығарылған энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Kazenergy бас директоры болып тағайындалды, деп хабарлады қауымдастықтың баспасөз қызметі.
«Kazenergy қауымдастығының төрағасы Құлыбаев Тимур Асқарұлының бұйрығымен Мағауов Әсет Маратұлы 2017 жылғы 4-желтоқсанда «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ бас директоры қызметіне тағайындалды», - делінген хабарламада.
Хабарланғандай, Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев 2017 жылдың қазана айында ҚР президентінің атына ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыныс берді, сонымен қатар энергетика вице-министрі Ә.Мағауовты қызметінен босатты.
Естеріңізге сала кетейік, бұл шара Қазақстандағы жанармай тапшылығының орын алуына байланысты қолға алынған болатын.
Бұған дейін, 2012-2016 жылдары Ә.Мағауов қауымдастықтың бас директоры қызметін атқарды, ал 2016-2017 жылдары ҚР энергетика вице-министрі болып тағайындалды.
