Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері еңбекақы берешегі жарты миллиард теңгеге жеткен. Бұл – 267 кәсіпорынның жинақталған қарызы. Жұмысшыларға неізінен тау-кен, өңдеу және құрылыс компаниялары белшеден берешек болып шықты деп хабарлайды 24.kz. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мамандары кәсіпорындар жалақыны көбінесе ауыр қаржылық жағдайға байланысты кешіктіретінін анықтаған.
Дегенмен еңбек инспекторлары жұмысшылардан түскен 2 мыңнан астам арыз-шағымға байланысты бір мыңдай кәсіпорынды тексере келе 500-ден астам хаттама толтырып, 401 жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылған. Нәтижесінде күні бүгінге дейін еңбекақы берешегінің 80 пайызы өндірілген. Қазір Семей мен Өскемен қаласы бойынша 4 кәсіпорын ғана жұмысшыларға қарыз. Берешек сомасы – 84,8 млн теңге. Қайрат Абылқайыров, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары: - Атқарылған жұмыс аясында нұсқама бойынша уақыт берілді. Сол уақытта нұсқаманы орындамаса, барлық құжат әкімшілік сотқа жіберіледі.
