Солтүстік Қазақстан облысында түрлі мамандықтар мен лауазымдарға төленетін жалақылардың мөлшері есептелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО статистика департаментіне сілтеме жасап.
Арнайы жүргізілген зерттеулер өткен жылы басқарушы лауазымдарды иеленіп отырғандардың орташа жалақысы біліктілік деңгейі жоғары мамандардікінен 1,2 есе, орта деңгейлі мамандардікінен 1,6 есе, арнайы біліктілігі жоқ жұмысшыларан 2,4 есе көп болғанын көрсетті.
Машина және жабдық өндіру саласында ең көп жалақыны бағдарламамен басқарылатын манипуляторлар мен станок жөндеушілер алып отыр. Олардың жалақысы 222 мың теңге. Құрылыста біліктілігі жоғары мамандар арасында былтыр учаске басшылары ең көп жалақы - 167 мың теңге алған.
Білікті мамандар арасындағы ең көп жалақы кірпіш қалаушыларға тиесілі - 215 мың теңге. Профессорлар мен доценттер 197 мың теңгеден алады, олардан кейін 132,5 мың теңгемен арнайы білім беру жүйесінің оқытушылары тұр. Мектеп, лицей, гимназия мұғалімдері 114 мың теңге алса, тәрбиешілердің көмекшілері, күтушілер ай сайын 47-49 мың теңгені қанағат тұтып отыр.
Ауыл шаруашылығының арасында ең қалталы тракторшы-машинистер, автокөлік құралдарының техникалық жағдайын бақылаушылар болып отыр, олар айына 280 мың теңге табады.
«Экономикалық қызметтің барлық түрін айтқанда, ең төменгі жалақы -мамандығы жоқ жұмысшыларда. Олар: күзетшілер, жүк тиеушілер, қосалқы жұмысшылар, еден жуушылар, т.б.», - дейді СҚО статистика департаментіндегілер.
