Таразда меценаттар клубы құрылды, деп хабарлайды Тараз қаласының орталық коммуникациялар қызметі (ОКҚ).
«Патриоттық мақсаттар үшін қаладағы жебеушілер клубы құрылды. Қалалық кәсіпкерлердің бастамасы бойынша инфрақұрылымды жақсартуға және қаланы абаттандыруға бағытталған жобалар берілді», - деп хабарлады ОКҚ -ның брифингінде Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет.
Атап айтқанда, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры, ҚР Еңбек ері Мұқаш Искандаров өз қаражаты есебінен 9-шы ықшамауданда қалалық әмбебап спорт алаңын салуды міндетіне алды. Өз кезегінде, «Бином» ЖШС директоры Қуат Баққараев өз компаниясында табысы төмен отбасына екі бөлмелі пәтер ұсынатындығына сендірді.
Басқа құрылыс компаниялары («Арайстроймаркет» ЖШС, «Альтаист групп»» ЖШС) өздері салынып жатқан көпқабатты үйлерде екі бөлмелі пәтерлерді бөлу туралы хабарлады.
Сонымен бірге, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов «Тараз» футбол клубының 5 студентіне және 8 резервтік ойыншыларына гранттар бөлді.
Қалалық мәслихаттың депутаттары қалалық аудандардағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында бейнебақылау камераларын орнату, Т45 млн сомаға көпқабатты үйлердің аулаларында ойын және футбол алаңдарын салу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
