2018 жылдың көктемінде Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістанда қымыз бен шұбаттан құрғақ сүт өнімін өндіретін зауыт ашу жоспарлануда, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
«Индустриалды аймақта салынып жатқан инфестициялық жоба (қымыз бен шұбаттан құрғақ сүт өнімін өндіретін «Golden camel group LTD» кәсіпорны – ҚазТАГ) келер жылдың мамыр айында іске қосылады. Бүгінде нысан құрылысының 75 пайызы аяқталған», - делінген таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, мұндай зауыттың ТМД елдерінде баламасы жоқ.
«Құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын зауыт болашақта жылына 2500 тонна құрғақ сүт өндіретін болады. Инвестициялық жоба іске қосылғанда 150-ден астам азамат жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта мұнда әзірленген дайын өнімдер республика нарығынан бөлек, Қытай, Сауд Арабия, Гонконг елдеріне экспортталатын болады»,- делінген хабарда.
