Жексенбі күні Норвегияның Осло қаласында Нобель сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. 2017 жылғы әлемдік сыйлық Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық кампанияның (International сampaign to abolish nuclear weapons, ICAN) өкілдеріне тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. ICAN жүзден астам елдегі үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіреді. Құрмет грамотасы, нобельдік медаль мен 9 млн шведтік крон (ағымдағы бағам бойынша шамамен 1,1 млн доллар) сомасындағы чек ICAN-ның атқарушы директоры, Швеция азаматшасы Беатрис Финге, сондай-ақ 85 жастағы жапондық Сэцуко Тэрлоуға табысталды. Атап өтілгендей, Сэцуко Тэрлоу жас кезінде Хиросимаға жасалған атомдық бомбалауды өз көзімен көрген, кейін көптеген жылдар бойы ядролық қаруға тыйым салу жолында күресіп келеді. «ICAN-ның басты үндеуі - ядролық қарудан бас тартпайынша - әлемде қауіпсіз болмайды. Мұны ядролық қарудан туындайтын қауіп-қатер күшейе түскенін жіті сезінетін миллиондаған адам түсінуде. Бұл КХДР-дағы ахуалға да байланысты», - деп атап өтті Норвегиялық Нобель комитетінің төрағасы Берит Райсс-Андерсен.
