21-24 қараша аралығында Лос-Анджелесте (АҚШ) Қазақстан киносының күндері өтуде. Сабан театрында «Spirit of the Great Steppe» - «Ұлы дала рухы» атты ұлы мәдени іс-шараның ресми бөлігі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырды. Америкалық аудиторияға «Қыз Жібек», «Алмас қылыш», «Анаға апарар жол» және «Оскар» сыйлығына ұсынылған, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың балалық шағы туралы баяндалған «Балалық шағымның аспаны» фильмі ұсынылды.
Қазақстан делегациясын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарды. Ашылу салтанатында ведомство басшысы АҚШ-тағы ҚР Мәдениет және кино күндерін өткізу америкалықтардың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын тудырып, қазақ-америкалық мәдени байланыстардың дамуындағы жаңа кезеңге айналатынын атап өтті. «Бұл іс-шара екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынас тарихында қалатыны сөзсіз! «Spirit of the Great Steppe» - «Ұлы Дала Рухы» атты шарамыздың көздеген мақсаты - америкалық көрермендерді Қазақстанның бай ұлттық - мәдени мұрасымен таныстыру болып табылады», - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы. Аталған шараға Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі - Ержан Қазыханов, белгілі мәдениет және қоғам қайраткерлері, КСРО және Қазақстан Халық әртісі Асанәлі Әшімов, ҚР Халық әртісі Құман Тастанбеков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Өтекешова, ҚР Халық әртісі Айман Мұсаходжаева, режиссер Рүстем Әбдірашов, актриса Алтынай Нөгербек, Мадина Есманова және Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері қатысты. Асанәлі Әшімов екі елдің мәдени қарым-қатынастарына арналған іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
