Бағасы 1,3 млн доллар тұратын бөтелке Копенгаген қаласындағы «Кафе 33» барынан ұрланған. Бұл туралы аталған бардың иесі Бриан Ингберг TV-2 телеарнасына айтқан. Арақтар коллекциясымен айналысатын Бриан Ингбергтің айтуынша, ұры үш минуттың ішінде ғимаратқа кіріп, алтын мен күмістен жасалған салмағы алты келі тұратын «Руссо-Балт» арағының бөтелкесін алып кеткен. «Бұл әлемдегі ең қымбат арақтың бөтелкесі, менің 1200 арақ бөтелкесінен тұратын коллекциямның жауһары болатын»,-деді журналистерге коллекционер. Ұрланған бөтелке ақ, қызғылт және сары алтыннан жасалыпты. Бөтелкені дайындаушы компания ыдыстың құрамына гауһар қосылғанын да айтқан.
