Геннадий Головкиннің (37-0-1, 33 КО) бапкері Абель Санчес боксшының қартайып бара жатқандығына алаңдамайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қалың көпшілік Генаның жасы мен оның «Канеломен» жекпе-жегі кезінде әдеттегіден баяу қимылдағанын айтады. Егер мен 8 раундтық спарингтер барысында Генаны жиі төмпештеп, ол баяу қимылдағанын көрсем, мен оған әрине, алаңдайтын едім. Әзірге мен мұндайды көріп тұрғаным жоқ»,-деді Санчес.
Саулем Альвареспен (49-1-2, 34 КО) болған бірінші кездесу дау тудырса да тең аяқталды.
Бокс әлеміндегі көптеген мамандардың пікірінше, Геннадий таза жеңіске жеткенмен, оған әділетсіздік жасалды.
Реванш 5 мамырда өтеді. Кездесудің өтетін орны кейінірек хабарланады.
