Түркістанда «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуы өтті. Жиында Түркі әлемінің 2018 жылғы мәдени астанасы ретінде Түркияның Кастамону қаласының әкіміне эстафетаны тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеңес отырысын қорытындылаған ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Түркістан қаласында өткен Түркі әлемінің мәдени астанасы жылы аясында 40-қа жуық іс-шаралар жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
«Биылғы жылдың ерекшелігі сарапшылардың министрлік өкілдерінің айтуынша Түркістандағы мәдени астана жылы өте керемет өтті. Түркістанда өткен шаралар кең көлемде аталып өтті. Ендігі жылы астана болып белгіленген Кастаному Түркияның мәдени - тарихи қаласы саналады. Кеңестің келесі отырысы сонда өтеді. Сонымен қатар біз келесі жылды Қырғызстанның жазушысы Шыңғыс Айтматовтың, Әзербайжанның белгілі сазгері Каракаревтың 100 жылдығы мен қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаевтың жылы деп жарияладық. Алғаш рет бір жылда үш тұлғаның жылын жариялап отырмыз. Ал, жалпы түрік дүниесінде мұндай тарихи тұлғалар өте көп», - деді Дүйсен Қасейінов.
Салтанатты жиында кеңес мүшелері «Түркістан -Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының жоғары деңгейде өткенін сөз етті. Атап айтқанда, жыл бойы түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту мақсатында 40-қа жуық түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
