Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің Сирия лагерлерінен табылған 40-тан астам азаматы Шешенстан астанасына жеткізіледі, деп жазады Sputnik.kz Шешенстан мемлекет басшысы Рамзан Қадыровқа сілтеме жасап.
«Сирия лагерлерінде 44 әйел мен бала табылды. Олардың тоғызы – Өзбекстан мен Қазақстан азаматтары» - деп жазды Қадыров әлеуметтік желіде.
Қалғандары Ресейдің әртүрлі өңірлерінен шыққан азаматтар екен. Арасында шешенстандық 10 әйел мен бала бар.
«Өзбекстан мен Қазақстаннан шыққан әйелдер мен балалар туралы естігенімде, Зияд Мұхаммедовичке (Зияд Сасаби, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріндегі өкіл) оларды алып шығу үшін барынша күш салуды тапсырдым» - деп хабарлады Шешенстан президенті.
Қадыровтың сөзіне сүйенсек, 44 адам Грозныйға келесі аптаның басында жеткізіледі. Қазір ұйымдастыру мәселелері шешіліп жатыр.
