Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Мемлекеттер басшылары әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың және өңірлік күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелерін талқылады», - делінген сәрсенбіде Ақорда сайтында жарияланған хабарда.
«Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков алдағы кездесулер кестесін, соның ішінде Қырғызстан Президентінің Қазақстанға сапармен келу мәселесін қарастырды», - делінген хабарда.
Президенттер биылғы 2 желтоқсанда Астанада екі ел үкіметтері қол қойған Жол картасын дәйекті түрде іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Бұл тұрғыда Қырғызстан Президенті күшейтілген шекаралық бақылаудың алынып, Қазақстан-Қырғызстан шекарасын күзету күнделікті режімге көшірілгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты», - делінген хабарда.
Телефон арқылы сөйлесуге Қырғызстан жағы бастамашы болды.
