Сиань шет тілдері университетінің "қазақ тілі және әдебиеті" мамандығының 1 курс студенттері қазақстандықтарды Тəуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігінің Қытайдағы меншікті тілшісі. Олар Қазақстан халқына денсаулық, бақыт, ұзақ өмір, бірлік, береке мен татулық тіледі. «Сәлем Қазақстан! Мереке құтты болсын! Біз сіздерге денсаулық, бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз! Еліңізге бірлік, береке, ынтымақ, тыныштық тілейміз. Мереке құтты болсын! Ура!», - деген Қытай жастары "Атамекен" əнін орындады. Еске сала кетсек, Сиань шет тілдері университетіндегі қазақ тілі кафедрасы жəне "Қазақстан орталығы" 2017 жылдың 20 қыркүйегінде Мемлекет басшысының "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қытайдағы ҚР Елшілігінің бастамасымен ашылған болатын. Қазіргі уақытта мұнда 21 қытайлық студент қазақ тілін үйреніп жүр.
