Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook-парақшасынан мәлім болды
Қарағанды облысы Экология департаменті "Қазгидромет" РМК филиалымен бірге Теміртау қаласында "қара" түсті қар жауғаны туралы БАҚ-та жарияланған ақпаратты назарға алды.
Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook -парақшасынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрлік таратқан мәліметтерге қарағанда, болған жағдайға байланысты тиісті шара қабылдау мақсатымен Қарағанды облысының Экология департаменті "Қазгидромет" РМК филиалымен бірге "АрселорМиттал Теміртау" АҚ санитарлық-қорғау аймағындағы атмосфералық ауаның химиялық құрамын тексеріп шықты.
Себебі, қаладағы негізгі ауаны ластаушы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Болат департаменті екені мəлім.
Оның шығарындысы - қала бойынша жалпы шығарындының 83%-і.
Қазгидромет РМК дерегіне қарағанда, 2020 жылғы 31 қаңтар-1 ақпан аралығында жайсыз метеорологиялық жағдай болған (желдің болмауы).
Қазірде Экология департаменті Арселор Миттал Теміртауға қатысты тексеру жүргізуде. Басқа да ірі кəсіпорындар тексеріліп, барлығының нəтижесі хабарланатын болады. Сондай-ақ, Экология департаменті 2019 жылғы желтоқсанда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ жұмысын тексеріп, ол бойынша ЖЭО-Бу-ауа үрлеу стансасы мен Қышқылды конвертер цехындағы өрескел экологиялық заңбұзушылықты анықтаған еді.
Департамент заңнама талабына сай, "АрселорМиттал Темиртау" АҚ-ға бірнеше миллиард зиян келтіру жəне оны белгіленген мерзім ішінде жою туралы ұйғарым берген.