
Жылдың алғашқы екі айында тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,9% артты
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында қаңтар-ақпан айларында 2 млн шаршы метр баспана қолданысқа берілгенін айтты.
"Қаңтар-ақпанда 2 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,4% төмен. Тұрғын үйді пайдалануға берудің айтарлықтай төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында және Астана қаласында тіркелді", - деді ол.
Вице-премьер жылдың алғашқы екі айында тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,9% артқанын атап өтті.
"Бұл ретте металл кендерін өндіру – 7,2%, газ өндіру – 1,2%, мұнай өндіру – 0,4%, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 2,9% өсті. Көмір өндіру – 4,1% төмендеді. Құрылыста өсудің жоғары қарқыны сақталуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12,7% ұлғайды.18 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Қызылорда, Жамбыл және Павлодар облыстарында байқалды", - деді Нұрлан Байбазаров.
Фото: t.me/KZgovernment.